jojobet

Арғымақ дәуір зулайды

15 Mayıs 2017, 12:20

Абай атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық опера және балет театрында Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, Қазақстан Республикасы­ның Мемлекеттік сыйлы­ғының иегері, Қазақстан Республикасы­ның Еңбек сіңірген қайраткері, көрнекті ақын, драматург Нұрлан Оразалиннің 70 жылдық мерейтойына арналған «Арғымақ дәуір зулайды» атты салтанатты кеш өтті.

«Айту – міндет, жырлау – парыз» деп, азаматтық ұстанымы, қайраткерлігі, адами болмысы ақындығымен ерекшеленетін өрелі тұлғаның мерейтойы әдебиетсүйер, жырсүйер қауым үшін есте қа­ларлықтай болды. Осыдан 50 жыл бұрын «Беймаза көңіл» атты ал­ғашқы жыр жинағымен жарқ етіп, поэзия әлемінің байрағын көтерген қаламгер бүгінде ақын және азамат ретінде мемлекет қайраткері дәрежесіне көтерілген танымал тұлға. Ол қазақ әдебие­тінің қарашаңырағы, кезінде Алаш­тың Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жан­сүгіров сынды алыптар негізін қалаған Жазушылар одағының басшылық қызметін лайықты атқаруымен қатар еліміздің өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосып келеді.
Ұлттық поэзияда өзіндік қол­таңбасы бар Нұрлан Оразалиннің өлеңдері оқырманға ой салады, көңілдегіні дөп басып, көкейдегіні тербейді. Қалың оқырман қауымды әдебиетке адалдығымен баурап алған қаламгер «Мен кезеңдік өлең жазудан, науқандық жыр жазудан бойымды аулақ ұстадым» дейді. Қара өлеңге қазығымен байланған шығармашылық иесі кез келгенге жалынан ұстата бермейтін асау өнер – драматургия жанрына да бет бұрды. Оның ойлы оқиға мен әралуан әрекеттерге толы шығармалары көп жылдан бері қазақ театрларының сахнасында қойылып келеді, орыс және қырғыз тілдеріне де аударылды. Бұл оның шығармашылық мүмкіндіктерінің мол екенінің дәлелі әрі қазақ мәдениетіне қосылған үлес екені сөзсіз.
Нұрлан Оразалин қазақ әде­биетінің көшін бастап келе жатқан Жазушылар одағының бас­шы­лығымен қатар, еліміздегі ең жоғары заң шығарушы орган – Пар­ламенттің депутаты да болды. Ол Парламент қабырғасындағы биік мінберді пайдаланып, қаламгер қауымның мұң-мұқтажын көтерді, төл әдебиетіміз бен мәдениетімізді өркендетуге ұйтқы болатын ұсы­ныстарымен көзге түсті.
Мәртебелі жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Нұрлан Оразалинге жолдаған арнайы құттықтауын Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек жеткізді. Мемлекет басшысы өз хатында есімі елімізге белгілі ақын және белсенді қоғам қайраткері Н.Оразалиннің баспасөз, мәдениет пен өнер саласында жауапты қызметтер атқарғанын айта келе, қаламының қарымымен және ұйымдастырушылық қабі­летімен еліміздің дамуына қосқан үлесін атап өткен. Елбасы қаламгерге зор денсаулық пен баянды бақыт, отбасына амандық пен игіліктер тілеп, өзінің қолтаңбасы қойылған сағатты жолдаған екен.
Салтанатты кеште Парламенттің қос Палатасы – Сенат және Мәжіліс төраға­лары Қ.Тоқаевтың және Н.Нығматул­линнің ілтипатқа толы құттық­тауларын жиынға арнайы келген Парламент депутаттары А.Бижанов мен Қ.Сұлтанов жеткізді. Сонымен қатар ҚР Премьер-министрі Б.Сағынтаев, Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіхалықова, Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары М.Тәжин, Жоғарғы Сот төрағасы Қ.Мәми, Ақпарат және коммуникациялар министрі Д.Абаев, Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы және басқа лауазымды тұлғалар­дың ресми құттықтаулары оқылды.

Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов есімі түркі әлеміне мәшһүр ақынның мерейтойы баршаға ортақ той екенін айтып, ұйымның Алтын медалін кеудесіне тақты.
Кеш кейіпкерінің кешегі Кеңес ода­ғының құрамында болған мемлекеттерде де өз оқырманы бар. Соның дәлелін­дей, Ресейдің «Литературная газета» басылымының шеф-редакторы Максим Замшев А.Пушкин мен А.Дельвиг негі­зін қалаған байырғы газет басшылығы мен орыс оқырмандарының жылы лебізін жеткізіп, «Отанға және әдебиетке адалдық» атты Пушкин атындағы медальді ақынның омырауына тақты. Орыс қа­ламгері «Литературная газетаның» соңғы нөмірінің айқарма беті Нұрлан ­Оразалин шығармашылығы мен өлеңдеріне арналғанын айтты.
Қаламдас, қанаттас інілерін құттықтау үшін сахна төріне көтерілген ­Олжас Сүлейменов, Асанәлі Әшімов пен ­Мырзатай Жолдасбековтің жүрекжарды лебіздері жиналған жұртшылықтың ерекше қошеметін туғызды. О.Сүлейменов өз сөзінде ақынның қайраткерлік тұлғасы жөнінде айта келіп, әдебиет үшін қиын кезеңдерде Жазушылар одағын сақтап қалғанын атап өтті. Ал әдебиетші ғалым Мырзатай Жолдасбеков азаматтық поэзия­сы халқына деген махаббатпен өрілген ақынның адами қасиеттеріне тоқталды.
Салтанатты кеште «Жалғызым – ана тілім» деп, ұрпағының тілі мен дініне алаңдайтын, бесігін тербетер ананың қандай болатынын ойлап қамығатын ақын өлеңдерін оқып, қара өлеңнің қаймағынан дәм татқызды. Танымал өнерпаздар ақын өлеңдеріне жазылған әндерді орындап, күмбірлете күй тартты.
«Нұрлан – адам рухының жаршысы» дейді академик Серік Қирабаев. Ал рух – мәңгілік. Олай болса мәңгілік жыр жазған ақынның да қазақ руханиятының дамуына қосар үлесі толастамақ емес.
* * *
Осының алдында Нұрлан Оразалиннің 70 жылдық мерейтойы аясында «Сөзтұмар», «Көкжал дәуір» – «Время волчица», «Тәңірмен тілдесу», «Тәуба», «Аспан­таудан ауған күз», «Құндағым» атты кітаптарының тұсаукесері өткен еді. Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйіндегі жиынға қаламгерлер мен зиялы қауым, Түркия, Қырғызстан, Ресей және басқа алыс-жақын шетелдерден мерейтой иесін құттықтап келген қонақтар қатысты.
Шығармашылығымен түбі бір түркі жұртына танымал ақын мерейтойына бауырлас Түркия елінен үлкен делегация келді. Түркия Премьер-министрінің кеңесшісі, делегация басшысы Дурсун Абдуллах Премьер-министрдің орынбасары Тұғрыл Түркештің хатын оқып, түрік елінің сәлемін жеткізді. Сондай-ақ жиында «Түркі әлемі жазушылары мен өнерпаздары» қорының 21 жылдан бері түркі дүниесінің мәдениет және өнер саласына қызметі сіңген адамдарына тапсырылып келе жатқан арнайы сыйлығын биыл қазақ қаламгеріне беруді жөн деп тапқаны мәлім болды. Қор атынан жазушы Харун Тоқақ Нұрлан Оразалинді мерейтойымен құттықтап, Түркі елі дәуірлеген тұстағы «Түркі халқы үшін түнде ұйықтамадым, күндіз отырмадым. Қызыл қанымды, қара терімді ағыздым. Жалаңаш халықты киіндірдім, жарлы халықты бай қылдым, аз халықты көп қылдым» деген сөздер ойып жазылып, Білге қағанның ескерткіші бейнеленген сыйлықты ақынға тапсырды. Түрік жазушысы ай сайын шығатын «Кардеш каламлар» журналының ­маусым айындағы нөмірі Н.Оразалин шығармашылығына арналғанын айтты.
Жиында сөз алған профессор ­Салих Йылмаз бүгінгі мерейтой иесіне Түркия Жазушылар одағының лауреаты деген атақ берілгенін айта келе, ­Анкара қаласының мэрі Мұстафа Актың құттықтауын жеткізді. Құттықтаулар легіне ризашылығын білдірген Нұрлан Мырқасымұлы өз сөзінде анадолылық ­бауырларына алғысын айтып, бұл қазақтың еліне, қасиетті жеріне, өлеңіне жасалып отырған құрмет деп атап өтті.
Сондай-ақ рәсімде ақынның мерейлі жасымен құттықтаған облыс әкім­дерінің хаттары оқылса, туған жері Алматы облысынан Райымбек және Ұйғыр аудандарының әкімдері арнайы келіп, аспантаулар аясындағы елдің ыстық сәлемін жеткізді.
Жазушы кітаптарының тұсаукесер рәсімін ҰҒА академиктері К.Нәрібаев, Е.Шайхутдинов, ақын Сейфолла Оспан, қырғыз ақыны Акпар Рысқұлов, татар шайыры Роберт Минуллин және әзірбайжан ақыны Шыңғыс Әлиоғлы жасады. Қонақтар мерейтой иесіне ыстық ықыластарын білдіріп, жырдан шашу шашты.

Kaynak: http://anatili.kazgazeta.kz/?p=43468

YENİ HABERLER

YORUMLAR

Henüz hiç yorum yapılmamış.

YENİ HABERLER